Бүркіттің дене мүшелерінің атаулары

Еліб. Бұл сөздің төркіні белгісіз. Бірақ қазіргі сөз қорымызда еліб – жеңіл, өте жеңіл, салмақсыз, қаңғалақ деген ұғымды білдіреді. Адамның мінез-құлқына қарай айтылғанда – жеңіл мінезді елбелектеген адам, тіл алғыш, елгезек, елпілдеген адам, елбеңдеген сорлы, елбеңдеген бала-шаға, елпектеп жүріп ұшып түсті. Тым елпектеп кетіп еді. Елпілдеді, желпілдеді, елбең қақты, елпек қақты, құрақ ұшты, елпілдеп бәйек болды деген сияқты тіркестер де кезігеді. Кейбір жеңіл құбылысты ұқтыру үшін де – елп етті, елп ете қалды, елп ете түсті, елбең етті, елбелең-селбелең бола қалды деп те айтылады.

Бостық пен заттың бірі-біріне тиіп тұрған сызығы – шегі. Бір заттың елбіреген шеті. Айналадағы бір дүниенің көз ұшында әрең көрінетін сұлбасы, көзге әрең ілінген шеті – жұқарған, елбіреген қыры. Құлап кетуге дайын тұрған жардың – елбіреген жиегі. Өте өткір қылыштың, ұстараның – елбіреген қылау жүзі. Тағысын-тағылар, осылай айтыла береді.